Бақыт Сәрсекбаев жастар құрамасының әлем чемпионатына дайындығын баяндады
Бокстан Қазақстанның U-19 жастар құрамасы Черногориядағы әлем чемпионатына Түркістан облысында дайындалып жатыр.
Әлем чемпионатына қатысатын боксшылар іріктелді
Қазақстандық боксшылар оқу-жаттығу жиыны барысында спарринг өткізіп, әлем біріншілігіне баратын үздіктерді анықтаған. Сәрсекбаевтың айтуынша, команданың жолға шығуына шамамен бір апта қалған.
Бапкер шәкірттерінің жарысқа деген құлшынысы жоғары екенін атап өтті. Құраманың мақсаты – Будвадағы додадан алтын медальмен оралу.
Алдағы турнир қазақстандық жастардың алғашқы әлем чемпионаты болмақ. Дегенмен олардың халықаралық жарыстарда жинаған тәжірибесі бар: наурыз айында Таиландта өткен сайыста жақсы нәтиже көрсеткен. Сәрсекбаев әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасына Өзбекстан, Ресей және АҚШ боксшылары негізгі қарсылас болатынын айтты.
Будвадағы жарыс қашан өтеді?
Бокстан жастар арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионаты 14–28 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында өтеді.
Бұл қала қазақстандық боксшыларға таныс. 2024 жылдың соңында Будвада IBA ұйымдастырған жастар турнирінде Қазақстан құрамасы 17 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан еді.