"Қазақ терминаторы" қарсыласын аяусыз соққының астына алды
Мұратбек Қасымбай Ташкентте IBA Nomad 16 турнирінде ресейлік қарсыласын бес мәрте нокдаунға жіберіп, айқасты мерзімінен бұрын аяқтады.
Қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді
Орта салмақта өткен кездесуде қазақстандық файтер "Сабмишн королі" атанған Залимхан Юсуповпен жұдырықтасты. Жекпе-жек ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша ұйымдастырылды. Қасымбай айқас барысында басымдық танытып, қарсыласын бес рет нокдаунға түсірді.
Нәтижесінде үшінші раундта төреші кездесуді тоқтатып, Мұратбек Қасымбайдың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.
"Қазақ терминаторының" соңғы жекпе-жектері
Мұратбек Қасымбайдың аралас жекпе-жектегі кәсіби көрсеткіші – 13 жеңіс және 4 жеңіліс. Ол ММА ережесі бойынша соңғы ресми кездесуін 2024 жылдың шілдесінде өткізіп, бразилиялық Диего Брандаоны (32-22) екінші раундта нокаутқа түсірген.
Ал Залимхан Юсуповтың ММА-дегі статистикасы – 21 жеңіс және 18 жеңіліс. Ресейлік файтер биыл тамыз айында отандасы Максим Буторинмен (27-9-1) кездесіп, бірінші раундта нокаутпен жеңілген еді.
Осылайша Ташкенттегі IBA Nomad 16 турнирінде Қасымбай кезекті жеңісіне жетіп, жанкүйерлеріне әсерлі жекпе-жек сыйлады.