Жалғас Жұмағұлов Өзбекстанда күтпеген жеңіліске ұшырады
ММА файтері Жалғас Жұмағұлов Ташкенттегі IBA Nomad 16 турнирінде төрешілер шешімімен жеңіліп қалды.
Ташкенттегі жеңіліс
Өзбекстан астанасында ұйымдастырылған IBA Nomad 16 турнирінде Жалғас Жұмағұлов тәжікстандық Асрор Акпарходжаевпен қолғап түйістірді. Жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі кездесу ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша өтті.
Жекпе-жек қорытындысында төрешілер бірауыздан жеңісті Акпарходжаевқа берді.
Чемпиондық жекпе-жегі қалай аяқталып еді?
Айта кетейік, Жалғас Жұмағұловтың (19 жеңіс, 9 жеңіліс) аралас жекпе-жек бойынша соңғы ресми кездесуі биыл маусым айында өткен. Ол Oktagon ұйымының жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуі үшін бразилиялық Игор Севериноға (10 жеңіс, 1 жеңіліс) қарсы октагонға шыққан.
Бірақ екінші раундта Северино қазақстандық файтерге тыйым салынған соққы жасады. Соның салдарынан Жұмағұлов кездесуді жалғастыра алмады. Нәтижесінде төрешілер жекпе-жекті өтпеген деп танып, жеңімпаз анықталмады.