Жалғас Жұмағұлов ресейлік қарсыласымен көз арбасты
Қазақстандық танымал ММА шебері Жалғас Жұмағұлов IBA Nomad 16 турнирі қарсаңында ресейлік Асрор Акпархожаевпен көз арбасу рәсіміне қатысты.
Қарсыласымен бетпе-бет кездесті
Жекпе-жек алдындағы дәстүрлі көз арбасу рәсімі Ташкенттегі "Хумо Арена" спорт кешенінде ұйымдастырылды. Қазақстандық файтер мен оның ресейлік қарсыласы Асрор Акпархожаев бір-біріне бетпе-бет қарап, алдағы айқасқа дайын екендерін көрсетті.
Екі файтердің кездесуі 17 қазанда өтетін IBA Nomad 16 турнирінің маңызды жекпе-жектерінің бірі болмақ. Айта кетейік, бұл айқас бокс ережесі бойынша, бірақ ММА қолғаптарымен өткізіледі.
Жұмағұлов бұған дейін қарсыласын нокаутқа түсірген
Қазақстандық файтер IBA Nomad ұйымындағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізген.
2026 жылғы 11 сәуірде Алматыда ұйымдастырылған IBA Nomad 14 турнирінде Жалғас Жұмағұлов қырғызстандық Қайрат Нұрбай уулумен кездесті. Қазақстандық файтер алғашқы раундта қарсыласын нокаутқа түсіріп, ұйымдағы дебютін сенімді жеңіспен бастаған еді.
Енді тәжірибелі файтер Ташкенттегі бәсекеде де табысын жалғастыруды көздейді.
Асрор Акпархожаев қандай қарсылас?
Ресейлік Асрор Акпархожаев та IBA Nomad аясындағы екінші жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Ол сәуір айында Алматыдағы IBA Nomad 14 турнирінде алғаш рет өнер көрсетті. Бір қызығы, дебюттік кездесуінде бірден чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігін алған.
Ресейлік файтер бес раундқа жоспарланған титулдық айқаста қазақстандық чемпион Айдос Жаппарбергеновпен жұдырықтасты. Тартысты жекпе-жек төрешілердің көпшілік шешімі бойынша тең аяқталды. Нәтижесінде Акпархожаев ұйымдағы алғашқы кездесуінде жеңіліс тапқан жоқ.