Бір финал, екі жеңіс және екі жеңіліс: Қазақстанның Ташкенттегі нәтижелері
Өзбекстан астанасында World Boxing-2026 әлем кубогының финалдық кезеңінің екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының төрт боксшысы шаршы алаңға шықты.
Карина Ибрагимова финалға шықты
Қазақстан құрамасы сапынан финалға алғаш болып Карина Ибрагимова жолдама алды. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз жартылай финалда 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, сербиялық Наталья Шадринамен кездесті. Тартысты жекпе-жекте қазақстандық боксшы 4:1 есебімен жеңіске жетіп, алтын медаль үшін жұдырықтасу құқығына ие болды.
Фарух Тоқтасынов қоржынға тағы бір медаль салды
Ерлер арасында 70 келі салмақта сынға түскен Фарух Тоқтасынов ширек финалда қырғызстандық Ихтиёр Нишоновпен қолғап түйістірді.
Қазақстандық боксшы қарсыласынан айқын басым түсіп, төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп Тоқтасынов кемінде қола жүлде иегері атанады. Ол жартылай финалда польшалық Дамиан Дуркачпен кездеседі.
Екі боксшы жүлдесіз қалды
Әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Бақыт Сейдиш ширек финалда Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, қытайлық Ян Люге қарсы шықты. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер 5:0 есебімен Аспанасты елі өкіліне жеңіс берді.
Ал 75 келі салмақтағы Аман Қонысбеков ресейлік Сергей Сергеевпен жұдырықтасты. "Қазақ Тайсоны" атанған отандасымыз жекпе-жек барысында бастаманы өз қолына алуға тырысқанымен, қарсыласы қарымта шабуылдарды тиімді пайдаланды. Нәтижесінде ресейлік боксшы 3:1 есебімен жеңіске жетті.