"Қазақ Тайсоны" Өзбекстандағы әлем кубогында жүлдесіз қалды
Аман Қонысбеков Ташкентте World Boxing-2026 әлем кубогының финалдық кезеңінде ширек финалдан өте алмады.
Ресейлік қарсыласына есе жіберді
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аман Қонысбеков жартылай финал жолдамасы үшін ресейлік Сергей Сергеевпен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілердің басым бөлігі ресейлік боксшыға жеңіс берді – 3:1.
Сергеев жартылай финалға өтіп, кемінде қола медаль иеленуге мүмкіндік алды. Ал Қазақстан құрамасының өкілі жарысты жүлдесіз аяқтады.
"Қазақ Тайсонының" жетістіктері
Аман Қонысбеков шаршы алаңдағы шабуылға бейім, агрессивті жұдырықтасу мәнерінің арқасында "Қазақ Тайсоны" деген лақап атқа ие болған.
Ол 2026 жылдың шілдесінде 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар Таразда өткен Қазақстан чемпионатында 75 келі салмақта күміс жүлде жеңіп алды.
Айта кетейік, World Boxing ұйымының 2026 жылғы әлем кубогының финалдық кезеңі Ташкентте 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді. Байрақты бәсекеге 30 елден 132 боксшы қатысуда. Ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынады.