Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Үш жеңіс, екі жеңіліс: Қазақстандық боксшылар ӘЧ алтыншы күнін қалай аяқтады?

Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатының алтыншы жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін үш жеңіс және екі жеңіліспен аяқталды.

Үш жеңіс, екі жеңіліс: Қазақстандық боксшылар ӘЧ алтыншы күнін қалай аяқтады?
Instagram/@boxingkazakhstan

Боксшыларымыз күнді нокаутпен бастады

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Камила Оспанова хорватиялық Лорена Хорватпен кездесті. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында қарсыласын үш мәрте нокдаунға түсіріп, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Ал 90 келіге дейінгі салмақта Еркетаң Жарқынбек мексикалық Рамиро Нуньеспен күш сынасты. Үш раундқа созылған кездесуде отандасымыз айқын басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.

Бірақ 65 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Айсұлу Мұхит жарысты жалғастыра алмады. Ол голландиялық Зое Вогелске төрешілердің бөлек шешімімен 1:4 есебімен есе жіберді.

Кешкі сессиядағы тағы бір жеңіс

Кешкі бағдарламада қазақстандық екі боксшы өнер көрсетті.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Индира Қыдырмолдаева Қырғызстан намысын қорғаған Азизахон Пазиловамен қолғап түйістірді.

Жекпе-жек тізгінін өз қолына алған қазақ қызы қарсыласына айтарлықтай мүмкіндік бермей, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Осылайша Қыдырмолдаева әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

Ал 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Руслан Ахметов ресейлік Кирилл Коршаковпен кездесті. Тартысты өткен айқаста төрешілер 4:1 есебімен ресейлік боксшының жеңісін тіркеді.

Нәтижесінде Руслан Ахметов әлем біріншілігіндегі өнерін аяқтады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Клуб беті: Қазақстан U19