Қазақ қызы қырғызстандық қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді
Индира Қыдырмолдаева Черногорияда 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында сенімді жеңіске жетті.
Қарсыласына мүмкіндік бермеді
Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық боксшылар жүлделі орындар үшін күресін жалғастырып жатыр.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Индира Қыдырмолдаева 1/8 финалда қырғызстандық Азизахон Пазиловамен шаршы алаңда кездесті. Жекпе-жектің алғашқы минуттарынан-ақ қазақстандық боксшы басымдықты өз қолына алып, қарсыласына еркін қимылдауға мүмкіндік берген жоқ.
Екі нокдаун тіркелді
Қыдырмолдаева кездесу барысында ширақ қимылдап, дәл соққыларымен ерекшеленді. Әсіресе екінші және үшінші раундтарда басымдығы айқын байқалды.
Қазақстандық боксшының шабуылдарынан кейін төреші қырғыз қызына екі мәрте нокдаун есебін ашты.
Үш раундтың қорытындысында төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен Қыдырмолдаеваның жеңісін тіркеді.