Жәнібек Әлімханұлы — Якоб Банк: жекпе-жектің билет бағасы жарияланды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының даниялық Якоб Банкпен өтетін титулдық жекпе-жегіне билеттердің бастапқы бағасы жарияланды.
Боксшылар бос тұрған WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Håkan’s Ringside Live парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, билеттер 28 қазаннан бастап сатылымға шығады. Алдын ала мәлімет бойынша билеттің бастапқы құны 699 дат кронынан басталады.
Бұл шамамен 47 мың теңгеге тең. Орындардың орналасуына қарай билеттердің бағасы өзгеруі мүмкін.
Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы кездесу 2027 жылы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді деп жоспарланған. Бұл жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін жаңа салмақтағы алғашқы сынақ болмақ. Бұған дейін Әлімханұлы орта салмақта өнер көрсетіп, IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атақтарын иеленген.