Камила Оспанова ӘЧ-да үш нокдаун жасап, ширек финалға шықты
Қазақстандық боксшы Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан U19 әлем чемпионатында жарқын жеңіске жетті. О
Хорватиялық боксшыны нокаутпен жеңді
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Камила Оспанова 1/8 финалда хорватиялық Лорена Хорватпен қолғап түйістірді. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында басымдық танытып, қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберді. Үшінші раундта төреші кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатып, Оспанованың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.
Сөйтіп Камила Оспанова әлем біріншілігінің ширек финалына шығып, жүлделі орындар үшін күресті жалғастыруға мүмкіндік алды.
Қазақстан алтыншы жарыс күніндегі алғашқы жеңісіне жетті
Камила Оспанованың табысы Қазақстан құрамасы үшін турнирдің алтыншы жарыс күніндегі алғашқы жеңіс болды.
Бұған дейін 65 келі салмақта өнер көрсеткен Айсұлу Мұхит 1/8 финалда голландиялық Зое Вогелске есе жіберіп, әлем чемпионатындағы өнерін аяқтаған еді.
World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты Черногорияның Будва қаласында 16–27 қазан аралығында өтеді.
Биылғы додаға 69 ұлттық федерацияның атынан 474 боксшы қатысып, әлем чемпионатының медальдарын сарапқа салуда.