"Өзім де білмей қалдым": Бибісара Асаубаева Синдаровпен болатын тойы туралы айтты
Блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровпен үйленгелі жатқаны туралы тараған ақпаратқа пікір білдірді.
Асаубаева той туралы қауесетке не деді?
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаровтың ықтимал үйлену тойы қызу талқыланып жатыр.
Осыған байланысты қазақстандық шахматшы өзінің Telegram арнасында түрлі басылымдарда жарияланған тақырыптардың скриншотын бөлісті. Сонымен біргеоқырмандарының бірінен келген хабарламаны көрсетті.
Жанкүйер спортшылардың шынымен шаңырақ көтергелі жатқанын сұрап, бұл жаңалықтың бір аптадан бері әлеуметтік желілерде талқыланып жатқанын жеткізген. Асаубаева мұндай ақпаратқа таңғалғанын жасырмады.
"Ештеңеден бейхабар, тыныш өмір сүріп жүресің. Бір күні осындай тақырыптарды оқисың. Менің түсінгенім, БАҚ үшін жұрттың назарын қалай аударудың айырмашылығы жоқ екен", – деп жазды шахматшы.

Осылайша Бибісара желіде тараған ақпаратқа қатысты өз ұстанымын білдірді. Дегенмен шахматшы алдағы үйлену тойы туралы нақты мәлімет жариялаған жоқ.
Жавохир Синдаровтың атасы не айтты?
Бұған дейін Өзбекстан шахмат федерациясы төрағасының орынбасары, Жавохир Синдаровтың атасы Комил Синдаров журналист әрі подкаст жүргізушісі Олимжон Усаровқа сұхбат берге.
Ол сұхбат барысында Бибісара мен Жавохирдің бірнеше жылдан бері бір-біріне ғашық екенін айтып, екі жастың қарым-қатынасын отбасы толық қолдайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар Комил Синдаров болашақта олардың міндетті түрде үйленетінін жеткізген.
Оның айтуынша, үйлену тойына қатысты мәселе Жавохир Синдаров жыл соңында Женевада өтетін шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчты аяқтағаннан кейін талқыланбақ.