Асаубаеваның анасы болашақ күйеу балаларына қоятын басты талабын айтты
Қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Хаким (Таңжарықова) болашақ күйеу балаларына қандай талап қоятынын ашық айтты.
Қандай шарт қойды?
Лиана Хаким Instagram парақшасында қызының жеке өміріне қатысты пікір білдіріп, желі қолданушыларының түрлі болжамдарына жауап берді.
Оның айтуынша, болашақ күйеу балаларына қойылатын жалғыз талап бар. Ол – қыздарын шын жүректен жақсы көру және оларға құрметпен қарау.
"Достар, барлық пікірлеріңізді оқып шықтым. Сендер бәрін үйлендіріп те, ұрыстырып та үлгердіңдер. Тіпті кімнің көше сыпыратынына дейін шешіп қойдыңдар. Бірақ мен ешкімнің есімін атаған жоқпын. Менің үш қызым бар, демек, бір күні үш күйеу балам болады. Үшеуіне де қояр талабым біреу: қыздарымды жақсы көріңдер. Сонда мен сендер үшін ең мейірімді ене боламын. Ал қыздарымды ешкімге ренжітпеймін", – деп жазды Лиана.
Осылайша шахматшының анасы болашақ күйеу балаларына қатысты ұстанымын әзілмен жеткізді.
Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаровтың қарым-қатынасы
Бұған дейін Бибісара Асаубаева мен өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровтың жеке өмірі көпшіліктің қызығушылығын тудырған. Қос шахматшының Парижге бірге сапар шегуі олардың қарым-қатынасы туралы әңгімелердің таралуына себеп болды.
Қазан айында Жавохир Синдаровтың атасы Комил Синдаров отбасының бұл одақты қолдайтынын айтып, үйлену тойына қатысты жоспарлар бар екенін жеткізген. Оның сөзінше, тойдың нақты мәселелері Жавохирдің әлемдік шахмат тәжіне таласатын матчынан кейін талқыланбақ.
Ал Бибісара Асаубаеваның өзі жеке өміріне қатысты ақпарат құралдарының ерекше қызығушылығын әзілмен қабылдаған. Шахматшының анасы да болашақ ене ретіндегі ұстанымын көпшілікке ашық жеткізді.