Қазақ қызы Олимпиада финалында ғажайып камбэк жасады
Дзюдошы Фатима Сұпығалиева Дакарда 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында ел қоржынына алғашқы алтын медаль салды.
Финалда камбэк жасады
52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық дзюдошы шешуші белдесуде португалиялық София Гаспармен кездесті.
Финал Фатима үшін оңай басталған жоқ. Қарсыласы белсенді қимылдап, қазақстандық дзюдошыны сегіз секунд бойы ұстап тұрды. Бірақ Сұпығалиева қиын жағдайдан шығып, белдесудің тағдырын өз пайдасына шешті. Ол қарсы шабуылда иппон әдісін сәтті орындап, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Алтын медальға дейінгі жол
Қазақстандық татами шебері финалға дейін де қарсыластарына еш мүмкіндік берген жоқ. Ширек финалда костарикалық Химена Моралес Гамбоаны иппонмен жеңді. Ал жартылай финалда словакиялық Вивьен Вадовицованы дәл осындай әдіспен ұтып, алтын медаль үшін белдесуге жолдама алды.
Ал София Гаспар жарысты алғашқы айналымнан босатылды. Ол ширек финалда бельгиялық Виктория Григорянды қосымша уақытта (golden score) юко ұпайымен жеңді. Ал жартылай финалда молдовалық Александра Киронды небәрі 1 минут 4 секундта иппонмен ұтты.
Айта кетейік, 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында Сенегалда өтіп жатыр.