Әлімханұлының жаңа салмағында чемпиондық жекпе-жек нокаутпен аяқталды
Каллум Уолтон отандасы Джек Скоттты мерзімінен бұрын жеңіп, екінші орта салмақтағы BBBofC Northern Area ұйымының бос тұрған чемпиондық белбеуін иеленді.
Чемпиондық жекпе-жек төртінші раундта аяқталды
Жекпе-жек Англияның Хоутон-ле-Спринг қаласындағы Sunderland Live Arena спорт кешенінде өтті.
Боксшылар екінші орта салмақтағы BBBofC Northern Area аймақтық чемпиондық атағына таласты. Кездесу он раундқа жоспарланғанымен, соңына дейін жалғасқан жоқ. Төртінші раундта Каллум Уолтон қарсыласы Джек Скоттты техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша британиялық былғары қолғап шебері бос тұрған аймақтық чемпиондық белбеудің жаңа иегері атанды.
Жәнібек Әлімханұлы да осы салмақта жұдырықтасады
Айта кетейік, екінші орта салмақ (76,2 келіге дейін) – кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының жаңа дивизионы. Әлімханұлы 2026 жылдың шілде айында орта салмақтан екінші орта салмаққа ауысатынын мәлімдеген.
Ал қазан айында қазақстандық боксшының командасы даниялық Якоб Банкпен WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионының бос тұрған атағы үшін жекпе-жек өткізу жөнінде келісімге келді.