Сәрсекбаевты сынаған Мырза Еркінбек лауазымды қызмет алды
Қазақстан бокс федерациясының басшылығында кадрлық өзгерістер болды.
Мырза Еркінбек қандай міндеттер атқарады?
2 қарашада жарияланған өзгерістерге сәйкес, Рауан Игенев ҚБФ-ның халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті қызметіне кірісті. Ал Мырза Еркінбек федерацияның спорт бағытына жауап береді.
Жаңа қызметінде Еркінбек ұлттық және жасөспірімдер құрамаларының оқу-жаттығу жұмысын ұйымдастырып, үйлестіреді. Сонымен қатар халықаралық жарыстарға дайындықты бақылау, бапкерлермен өзара жұмысты үйлестіру және федерацияның спорттық стратегиясын жүзеге асыру оның міндетіне кіреді.
Федерация мәліметінше, спорт директорының басты мақсаты – қазақстандық боксшылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұлттық құраманың тұрақты жоғары нәтиже көрсетуіне жағдай жасау.
Сәрсекбаевпен арадағы әңгімеге не себеп болды?
Бұған дейін БАҚ-та Мырза Еркінбектің Қазақстан жастар құрамасының бапкері, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевты сынағаны туралы ақпарат тараған.
Бірақ 9 қазанда Сәрсекбаев Еркінбекпен бірге түскен суретін жариялап, жанкүйерлерді алыпқашпа әңгімелерді тоқтатуға шақырды. Оның жазуынша, федерация өкілі Түркістанға келіп, әлем чемпионатына дайындалып жатқан жастар құрамасының жаттығуын тамашалаған және боксшыларға сәттілік тілеген.
Сәрсекбаев сол жазбасында ел жастарына қолдау көрсетіп, бірлік танытуға үндеді.
Бақыт Сәрсекбаев жетекшілік еткен Қазақстан құрамасы Будвада өткен U19 әлем чемпионатында бірде-бір алтын медаль иелене алмады. Турнир 27 қазанда аяқталды.
Жарыс барысында бапкерге объективті болуға шақырған пікірлер де айтылған.