Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Ризабек Айтмұқан операциядан кейін жанкүйерлерге үндеу жасады

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының балуаны Ризабек Айтмұқан тізесіне жасалған операциядан кейін қалпына келе бастағанын мәлімдеді.

Ризабек Айтмұқан операциядан кейін жанкүйерлерге үндеу жасады
Спортты дамыту дирекциясы

Қазіргі жағдайы қалай?

El.kz-ке берген сұхбатында балуан операциядан кейінгі күні-ақ аяғына тұрғанын айтты. Ол әлем чемпионатының финалына шыққан Нұрқожа Қайпановқа жанкүйер болуға келген.

"Денсаулығым, Құдайға шүкір, жақсы. Кеше операция жасалды, бүгін аяғыма тұрдым. Нұрқожаға қолдау көрсетуге келдік. Күміс қолымызда, алтын алда деп айтамыз ғой", – деді Айтмұхан.

Боз кілем шебері өз елінде өткен жарыста алтын алғысы келгенін жасырмады. Дегенмен әлем чемпионатының нәтижесімен спорттағы жол аяқталмайтынын атап өтті.

Алда Олимпиада бар

Айтмұқанның айтуынша, Нұрқожа Қайпанов та, Қазақстан құрамасының өзге балуандары да жанкүйерлерді қуанту үшін барын салған. Сондықтан балуандарға жылы сөз арнап, қолдау білдіруге шақырды.

"Хейтерлер қашанда болады. Біз оларға мән бермейміз. Баршаңызды бізге қолдау көрсетуге шақырамыз. Өмір мұнымен аяқталмайды, алда әлі Олимпиада бар", – деді балуан.

Мәскеуде операция жасатты

Ризабек Айтмұқан Астанадағы әлем чемпионатында 97 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Іріктеу кезеңіндегі алғашқы белдесуінде ресейлік екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевқа 1:4 есебімен есе жіберді. Кейін қазақстандық балуанның Мәскеуде тізе буынына ота жасатқаны белгілі болды.

Ал 74 келіге дейінгі салмақтағы Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Ол Астанадағы жарыста Қазақстан құрамасынан финалға шыққан жалғыз балуан атанды.

Бұл туралы не ойлайсыз?