Қазақстан құрамасы Мәскеуде алты жүлде иеленді
Қазақстандық каратэшілер Мәскеуде өткен Moscow Karate Universe халықаралық турнирінде екі алтын және төрт қола медаль иеленді.
Қазақстан құрамасына алтын медальдарды Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева сыйлады. Мөлдір Жаңбырбай кумите бағдарламасында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. Финалда ол өзбекстандық Диёра Пулатованы 5:1 есебімен жеңді.
Ал Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Шешуші кездесуде Берульцева ирпандық каратэші Атена Махбуб Башариден басым түсті.
Төрт қола медаль қоржынға қосылды
Ұлттық құрама қоржынына қола жүлделерді Гүлмира Үсенова (55 келіге дейін), Айжан Бәкірова (61 келіге дейін), Дайяна Даренская (68 келіге дейін) және Никита Тарнакин (84 келіге дейін) салды. Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирді алты медальмен аяқтап, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды.
Мәскеуде бесінші рет ұйымдастырылған Moscow Karate Universe жарысы үш күнге созылды. Турнирге 40 елден 400-ден астам каратэ шеберлері қатысты.