Бек Нұрмағанбет "Канелоның" андеркардында қарсыласын нокаутпен жеңді
Қазақстандық боксшы Эр-Риядтағы бокс кешінде мексикалық Маркос Родригесті алғашқы раундта-ақ жеңіп, кәсіпқой рингтегі жеңіс сериясын жалғастырды.
Нокдауннан кейінгі нокаут
Сауд Арабиясының астанасында ұйымдастырылған кездесуге дейін Нұрмағанбеттің еншісінде 16 жеңіс, оның ішінде 14 нокаут болған. Ал Родригес 21 рет жеңіске жетіп, үш рет жеңілген және бір кездесуін тең аяқтаған еді.
Екінші орта салмақтағы жекпе-жек он раундқа жоспарланғанымен, боксшылар алғашқы раундтан әріге барған жоқ. Бек әуелі қарсыласын нокдаунға жіберіп, артынша нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша Нұрмағанбет кәсіпқой мансабындағы 17-жеңісін тіркеді. Оның 15-і мерзімінен бұрын аяқталған. Қазақстандық боксшы әлі жеңіліс дәмін татқан жоқ. Родригес болса, төртінші рет қарсыласына есе жіберді.
Бокс кешінің басты айқасында кімдер кездеседі?
Бек Нұрмағанбет — мексикалық танымал боксшы Сауль "Канело" Альварестің спарринг-серіктесі.
Эр-Риядтағы кештің басты жекпе-жегінде Альварес франциялық Кристиан Мбиллимен титул үшін жұдырықтасады. "Канелоның" көрсеткіші — 63 жеңіс, үш жеңіліс және екі тең нәтиже, 39 нокаут. Мбилли 29 рет жеңіске жетіп, бір кездесуін тең аяқтаған, 24 қарсыласын нокаутпен ұтқан.