Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Бибісара Асаубаева АҚШ-та ерекше құрметке ие болды

Отандасымызға Clutch Chess Champions Showdown жарысының екінші күнін салтанатты түрде ашу сеніп тапсырылды.

Бибісара Асаубаева АҚШ-та ерекше құрметке ие болды
instagram/@norway_chess

Құрмет көрсетілді

АҚШ-тың Сент-Луис қаласында ұйымдастырылған халықаралық шахмат додасында қазақстандық шахматшы маңызды рәсімге қатысты.

Атап айтқанда, Бибісара Асаубаеваға жарыстың екінші ойын күнінің басталғанын білдіретін арнайы қоңырауды соғу мәртебесі берілді. Бұл – турнир аясында қалыптасқан дәстүрлі салтанатты рәсімдердің бірі.

Сент-Луис шахмат клубының баспасөз қызметі қазақстандық шахматшының бұл құрметке ие болғанын ресми түрде хабарлады.

"Clutch Chess Champions Showdown турнирінің екінші күні әйелдер арасындағы блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның салтанатты қоңырау соғуымен басталды", – делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.

Турнирге Жавохир Синдаров та қатысып жатыр

АҚШ-тағы беделді жарыста әлемнің төрт үздік гроссмейстері бақ сынауда. Олардың қатарында қазақстандық шахматшының сүйіктісі, өзбекстандық Жавохир Синдаров, америкалық шахмат жұлдыздары Хикару Накамура мен Фабиано Каруана, сондай-ақ үндістандық Рамешбабу Прагнанандха бар.

Clutch Chess Champions Showdown додасы шахматтағы ерекше Clutch жүйесі бойынша өткізіледі.

Бұл форматтың басты ерекшелігі – ойын күнінің соңғы партияларында берілетін ұпайлардың құндылығы артады. Сондықтан шешуші кездесулер турнирдегі жағдайды айтарлықтай өзгертуі мүмкін.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 425 мың долларға тең. 

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева – блиц шахматынан үш мәрте әлем чемпионы атанған қазақстандық спортшы.

Бұл туралы не ойлайсыз?