Допингпен ұсталған боксшы ел чемпионатында сенсация жасады
Допингке қарсы ережені бұзғаны үшін үш жыл спорттан шеттетілген Абзал Серік үлкен рингке сәтті оралды.
Ширек финалдағы сенімді жеңді
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Абзал Серік ел біріншілігінің ширек финалында Түркістан облысының өкілі, жастар арасындағы Азияның екі дүркін чемпионы Нұрислам Қалдыбаевпен кездесті.
Тартысты өткен жекпе-жекте шымкенттік боксшы басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осы нәтижеден кейін Абзал Серік Қазақстан чемпионатының үздік төрт боксшысының қатарына енді.
Енді Абзал Серікті жартылай финалда тәжірибелі әрі атақты қарсылас күтіп тұр. Ол 2025 жылғы әлем чемпионаты мен 2026 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері Ертуған Зейнуллиновпен қолғап түйістіреді.
Не үшін үш жылға шеттетілді?
Абзал Серіктің спорттық мансабындағы ұзақ үзіліске допинг дауы себеп болған. 2023 жылы оның есімі Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығы жариялаған дисквалификацияланған спортшылар тізіміне енгізілді.
Боксшының допинг сынамасынан метастерон деп аталатын тыйым салынған анаболикалық стероид анықталған. Нәтижесінде боксшы үш жыл мерзімге жарыстардан шеттетілді.
Дисквалификация басталған күн: 7 сәуір 2023 жыл.
Жаза мерзімінің аяқталуы: 7 сәуір 2026 жыл.
Анықталған тыйым салынған зат: метастерон.
Дисквалификация ұзақтығы: 3 жыл.
Осылайша жазасын толық өтеген Абзал Серік ел чемпионатында қайта бақ сынап, бірден жартылай финалға дейін жетті.