Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Жәнібек Әлімханұлы "Канелоның" ықтимал қарсыластарының қатарына енді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлемдік бокстың басты жұлдыздарының бірі Сауль "Канело" Альвареспен жұдырықтасуы мүмкін боксшылардың тізіміне енгізілді.

Жәнібек Әлімханұлы "Канелоның" ықтимал қарсыластарының қатарына енді
instagram.com/janibek_alimkhanuly/

The Ring Жәнібек Әлімханұлын Канелоға қарсылас ретінде ұсынды

Әлемдік бокста үлкен беделге ие The Ring басылымы WBC тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Сауль Альварестің (64-3-2, 39 КО) келесі жекпе-жектеріне қатысты пікірталас ұйымдастырды.

Журнал ұсынған үміткерлердің қатарынан қазақстандық, әлі жеңіліп көрмеген Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) да орын алды.

Басылым Канелоға ықтимал қарсылас ретінде мына төрт боксшыны атаған:

  • Жәнібек Әлімханұлы (Қазақстан) – 17 жеңіс, 12 нокаут.
  • Ослейс Иглесиас (Куба) – IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы, 16 жеңіс, 15 нокаут.
  • Диего Пачеко (АҚШ) – 26 жеңіс, 19 нокаут.
  • Лестер Мартинес (Гватемала) – 21 жеңіс, бір тең нәтиже, 17 нокаут.

The Ring әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлерге сауал жолдады.

"Екінші орта салмақта Канело үшін ұйымдастыруға болатын қызықты жекпе-жектер көп. Олардың қайсысы мексикалық боксшы үшін ең ауыр сынақ болар еді?" – деп жазды басылым.

Дегенмен бұл әзірге жанкүйерлер арасында талқылауға ұсынылған ықтимал жекпе-жектердің тізімі ғана. Әлімханұлы мен Альварес арасындағы кездесу туралы ресми келісім жарияланған жоқ.

Альварес әлем чемпионы атағын қайтарып алды

2026 жылғы 1 қарашада Сауль Альварес Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында рингке оралды.

Мексикалық боксшы бұған дейін жеңіліс көрмеген француз Кристиан Мбиллимен (29-1-1, 24 КО) кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Осы нәтижеден кейін "Канело" WBC тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағын қайта иеленді.

Әлімханұлының келесі қарсыласы кім?

Қазақстандық боксшы соңғы рет 2025 жылдың сәуір айында Астанада жұдырықтасқан. Сол кездесуде ол француз боксшысы Ануэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа түсірді.

Бірақ сол жылдың желтоқсанында Әлімханұлының допинг сынамасы оң нәтиже көрсетіп, кейін WBO тарапынан дисквалификация алды. Сонымен қатар қазақстандық боксшы IBF чемпиондық белбеуінен айырылды.

2026 жылдың жазында Жәнібек екінші орта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады.

Бастапқыда оған сол кездегі әлем чемпионы, британиялық Хамза Ширазбен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі берілген. Алайда Шираз кездесуден бас тартып, чемпиондық белбеуді босатты.

Енді жоспар бойынша 2027 жылдың қаңтарында Жәнібек Әлімханұлы Дания өкілі Якоб Банкпен (20-0, 11 КО) WBO тұжырымының вакантты әлем чемпиондығы үшін жұдырықтасуы тиіс. Бұл жекпе-жек қазақстандық боксшының екінші орта салмақтағы алғашқы кездесуі болмақ.

Бұл туралы не ойлайсыз?