Қазақстандық клубқа жаңа бас бапкер тағайындалды
Сергей Бердников 2020 жылдың желтоқсанынан 2022 жылға дейін Көкшетаудың "Арлан" клубын басқарды.
Атыраудың "Бейбарыс" хоккей клубы жаңа бас бапкерін ресми түрде таныстырды. Команданы енді ресейлік маман Сергей Бердников жаттықтырады.
Бердников – тәжірибелі хоккей маманы
Сергей Бердников 1971 жылдың 5 қаңтарында Ресейдің Братск қаласында дүниеге келген. Ол Ангарск хоккей мектебінің түлегі. Кәсіби ойын мансабын 1988 жылы шабуылшы ретінде бастаған.
Бердников әр жылдары Омбының "Авангард", Ярославльдің "Торпедо", Череповецтің "Северсталь", Новокузнецктің "Металлург", ХК МВД және Новосібірдің "Сибирь" клубтарында өнер көрсетті.
Сондай-ақ ол Солтүстік Америка лигаларында "Провиденс Брюинз" және "Шарлотт Чекерс" командаларының сапында ойнаған.
Қазақстанда да жұмыс істеген
Сергей Бердников Қазақстан хоккейіне де жақсы таныс. Ол 2020 жылдың желтоқсанынан 2022 жылға дейін Көкшетаудың "Арлан" клубын басқарды.
Оның жетекшілігімен команда екі рет Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды:
- 2020/2021 маусымында;
- 2021/2022 маусымында.