"Барыс" 0:2 есебінен кейін камбэк жасап, ҚХЛ-да маңызды жеңіске жетті
Астаналық "Барыс" Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында мінез танытып, сырт алаңда "Шанхай Дрэгонс" командасын жеңді.
Керемет камбэк жасады
Матчтың алғашқы бөлігінде "Шанхай Дрэгонс" ойын тізгінін қолға алып, екі шайба соқты. Нәтижесінде елордалықтар 0:2 есебімен артта қалды.
Бірақ қазақстандық команда қиын жағдайдан шығудың жолын тапты. Қарсылас қақпасына жауапсыз төрт шайба жіберіп, матч тағдырын түбегейлі өзгертті.
Тайс Томпсон хет-трик авторы атанды
Кездесудің басты қаһарманы шабуылшы Тайс Томпсон болды. Ол қарсылас қақпасын үш мәрте дәл көздеп, хет-трик жасады. Қазақстандық клуб сапындағы тағы бір шайбаны Асанәлі Сәркенов соқты.
Бұл жеңіс астаналық клубтың турнирлік жағдайын жақсартты. "Барыс" 21 кездесуден кейін 25 ұпай жинап, ҚХЛ Шығыс конференциясының екінші сатысына жайғасты. Ал "Шанхай Дрэгонс" 19 ойыннан кейін 26 ұпаймен Батыс конференциясында алтыншы орында тұр.
Қазақстандық команда ҚХЛ тұрақты чемпионатындағы келесі кездесуін 4 қарашада Челябіде "Тракторға" қарсы өткізеді.