Әлімханұлы - Банк жекпе-жегі Данияда ажиотаж туғызды
WBO әлем чемпионы белбеуі сарапқа салынатын айқас 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді.
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының даниялық былғары қолғап шебері Якоб Банкке қарсы жекпе-жегіне арналған билеттер жанкүйерлер арасында дүрбелең туғызды.
Primetime Boxing промоутері Каспер Хольгерсен билеттер сатылымы басталған сәттен-ақ сұраныс өте жоғары болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы 90 секундтың ішінде 250 мың дания кронына билет сатылған. Ал 15 минутта мыңнан астам жанкүйер жекпе-жекке билет сатып алған.
"Жарты сағаттың ішінде билет сатудан түскен табыстың бір миллион кроннан асуы біздің ең батыл болжамдарымыздан да жоғары нәтиже болды. Бұл алдағы оқиғаның ауқымын көрсетеді", – деді Хольгерсен.
"Бұл жай ғана бокс кеші емес"
Промоутер Данияда мұндай деңгейдегі чемпиондық жекпе-жек өткізу үшін үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті.
"Бұл жай ғана бокс жекпе-жегі емес. Адамдар бір бөлігі болғысы келетін үлкен спорттық оқиға. Primetime Boxing-ті құрғанда Даниядағы кәсіпқой боксты үлкен сахнаға қайтаруды мақсат еттік. Қазір өз жерімізде әлем чемпионы атағы сарапқа салынатын жекпе-жек өткіземіз және билет сатылымы алғашқы секундтан-ақ қарқын алды", – деді ол.
Якоб Банкке қарсы кездесу Жәнібек Әлімханұлы үшін екінші орта салмақтағы дебюттік жекпе-жек болады.
Екінші орта салмақтағы WBO әлем чемпионы белбеуі сарапқа салынатын айқас 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді.