ҚФФ тағы да ҚПЛ клубтарына ескерту жасады
Қазақстан футбол федерациясы Премьер-лиганың 23-туры аясындағы бірнеше матч бойынша шешім шығарды.
Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті Премьер-лиганың 23-туры аясындағы бірнеше матч бойынша шешім шығарды.
Комитет отырысы 23 қазанда өтіп, "Оқжетпес", "Қызылжар", "Алтай" және "Атырау" клубтарына қатысты ескертулер мен тәртіптік шаралар қаралды.
Қай клубқа қандай ескерту жасалды?
"Оқжетпес" – "Қызылжар" матчы командалардың киім ауыстыратын бөлмеден кеш шығуына байланысты 2 минутқа кеш басталған. Осы жағдай үшін ҚФФ тәртіптік регламентінің 67-бабына сәйкес екі клубқа да ескерту жасалды.
"Алтай" – "Атырау" кездесуінде ойын барысында трансляция бөлмесі мен VAR бөлмесінде электр қуаты және роутер бірнеше рет өшкен. Комитет мұны матчты талапқа сай ұйымдастырмау және жарыс регламентін сақтамау деп бағалап, тәртіптік регламенттің 63-бабының 1-тармағына сәйкес "Алтайға" жаза қолданды.
Сол матчта "Атырау" командасы киім ауыстыратын бөлмеден кеш шыққандықтан, ойынның басталуы 1,5 минутқа кешіккен. Осыған байланысты клубқа да ҚФФ тәртіптік регламентінің 67-бабы бойынша ескерту жасалды.