Роналду хет-трик жасап, жаңа рекордқа жақындады
"Әл-Наср" шабуылшысы Криштиану Роналду Сауд Арабиясы чемпионаты аясында "Әл-Холудқа" қарсы матчта үш гол соғып, командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша португалиялық футболшы мансабындағы 67-ші мінсіз хет-тригін тіркеді. Кездесу 5:3 есебімен "Әл-Насрдың" пайдасына аяқталды. 41 жастағы шабуылшы екінші таймда көзге түсіп 66-минутта сол аяғымен, 72-минутта баспен, ал 81-минутта оң аяғымен гол соқты.
Кездесу алдында саудиялық клуб чемпионатта көш басындағы "Әл-Хиләлден" небәрі екі ұпайға қалып, екінші орында тұрған. Бұл жеңіс "Әл-Насрға" чемпиондық жарыстағы мүмкіндігін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
1000 голдық межеге жақындады
Португалиялық жұлдыз мансабындағы 1000 голдық тарихи межеге де жақындап келеді. "Әл-Хулудқа" қарсы хет-триктен кейін оның еншісіндегі гол саны 985-ке жетті. Демек, межеге жету үшін тағы 15 гол соғуы қажет. Ал Роналдумен жиі салыстырылатын Лионель Месси әзірге бірде-бір рет мінсіз хет-трик жасамаған.
Осы маусымда Сауд Арабиясы чемпионатында Роналду жеті гол соғып, сұрмергендер тізімінде үшінші орында тұр. Ол "Әл-Наср" сапында 2023 жылдың қаңтарынан бері өнер көрсетіп келеді.
Сондай-ақ жанкүйерлердің дауыс беру қорытындысы бойынша, португалиялық жұлдызға 2008 жылы табысталған "Алтын доп" марапат тарихындағы ең үздік жеңіс деп танылды.