Қазақстандық семсершілер Манамада тағы екі алтын алды
Бірінші орынды ерлер командасы мен әйелдер құрамасы иеленді.
Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы қоржынына тағы екі алтын медаль түсті.
Ерлер арасындағы командалық сайыста Қазақстан атынан Михаил Кузьмин, Кирилл Проходов, Георгий Тинников және Жанарбек Жанұзақов өнер көрсетті.
Финалда қазақстандықтар Гонконг құрамасынан басым түсіп, Азия чемпионы атанды.
Әйелдер құрамасы да алтын алды
Әйелдер арасындағы командалық қылыштасуда Диляра Исабекова, Полина Ко, Адема Серікбай және Қайша Жаныбек үздік нәтиже көрсетті.
Қазақстан құрамасы шешуші кездесуде Гонконг спортшыларын жеңіп, алтын медальға ие болды.
Тағы екі команда қола жүлде иеленді
Ерлер арасындағы командалық сайыста Бексұлтан Абжал, Қуаныш Ерғашбай, Ерхан Қараман және Қайназар Нұрқатұлы үшінші орын алды.
Ал әйелдер арасындағы командалық рапира сайысында София Ақтаева, Ксения Андреева, Алёна Гноева және Алина Искандерова қола медаль жеңіп алды.
Жеке сайыста Мария Лесовская күміс медаль иеленді. Ал Полина Лесовская турнирді үшінші орынмен аяқтады.
Қазақстан қоржынында тоғыз медаль
Осылайша, Қазақстан құрамасының U23 Азия чемпионатындағы жалпы жүлде саны тоғызға жетті:
- 3 алтын;
- 2 күміс;
- 4 қола.