"Ең қауіпті панчерлердің бірі": АҚШ-та Бек Нұрмағанбетке жоғары баға берілді
31 қазанда Бек Нұрмағанбет Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жеткен еді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбеттің (17-0, 15 КО) мексикалық Маркос Васкесті (21-4-1, 10 КО) мерзімінен бұрын жеңуі шетелдік басылымдардың назарын аударды.
Америкалық Yahoo Sports басылымы Uncrowned-пен бірлескен материалында 28 жастағы қазақстандықтың нокауттық қуатын жоғары бағалады.
Нұрмағанбет Васкесті бірінші раундта нокаутқа түсірді
31 қазанда Бек Нұрмағанбет Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Сауль "Канело" Альварес – Кристиан Мбилли бокс кешінің андеркардында өнер көрсетті.
Қазақстандық боксшы қарсыласын алғашқы раундтың өзінде нокаутқа түсірді.
Жекпе-жектен кейін бірқатар БАҚ бұл жеңісті "жыл нокауты" атағына үміткерлердің бірі деп бағалады.
Yahoo Sports Нұрмағанбетті ерекше атап өтті
Америкалық басылым қазақстандық боксшының кәсіби рингтегі нәтижесіне назар аударған.
"Нұрмағанбет бұл жекпе-жекке 16 кәсіби жеңісінің 14-ін нокаутпен аяқтаған, бақылауға тұрарлық жеңілмеген проспект ретінде шықты. Васкесті жойқын жеңгеннен кейін 28 жастағы Бек екінші орта салмақтағы ең қауіпті әрі болашағы зор панчерлердің бірі деген беделін жылдам қалыптастырып келеді", – деп жазды басылым.
Айта кетейік, Маркос Васкесті жеңгеннен кейін Бек Нұрмағанбеттің кәсіби бокстағы рекорды 17-0 болды.