Ташкентте уланып қалған қазақстандық балалардың бір бөлігі елге қайтты
Футбол жарысына барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған болатын.
Ташкентте өткен "Dostlik Cup 2026" халықаралық турнирінен кейін ауруханаға түскен қазақстандықтардың бір бөлігі емін аяқтап, елге қайтып жатыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір Өзбекстан астанасындағы медициналық мекемелерде 11 бала мен үш ата-ана дәрігерлердің бақылауында.
15 адам Астанаға ұшып шықты
Министрлік хабарлауынша, спортшылар, ата-аналар мен жаттықтырушылардан құралған 15 адам HY721 рейсімен Ташкенттен Астанаға аттанған.
Ал қалған қатысушылар 3 қарашада "Түркістан – Павлодар" пойызымен Қарағандыға қайтады.
Ташкенттегі халықаралық жарысқа Қарағанды облысындағы үш жеке футбол мектебінің командалары қатысқан:
- "Jas Batir";
- "Nomad Akademiya";
- "Skaut".
Жас футболшылар 2014, 2018 және 2019 жылы туғандар санатында өнер көрсетті.
Айта кетейік, жарысқа Қазақстаннан барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Турнирге қатысу мен жол шығындары жеке қаражат есебінен ұйымдастырылған.