Қазақстанда жаттықтырушыларға 30% үстемеақы төленеді
Қазақстанда біліктілік тестілеуінен сәтті өткен жаттықтырушы-оқытушыларға лауазымдық жалақысының 30%-ы мөлшерінде үстемеақы қарастырылған.
30% үстемеақы кімдерге беріледі?
2026 жылдың басында Мемлекет басшысы туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, қосымша төлем алу үшін жаттықтырушы-оқытушылар біліктілік тестілеуінен сәтті өтіп, оқу-жаттығу жұмысын ұлттық даярлық стандарттарына сай жүргізуі қажет.
Жоспар бойынша жыл сайын жаттықтырушы-оқытушылардың 30%-дан астамы тестілеуден өтеді. Оны ұйымдастыру Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығына жүктелген.
Республикалық бюджет комиссиясы үстемеақыны жергілікті бюджеттер есебінен төлеуге қаражат бөлуді қолдаған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Елде 15 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді
Министрлік дерегінше, елде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Оларда 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы еңбек етіп, 398 342 баланы спортқа баулып жүр.
Спорт мектептеріне балалар бес жастан қабылданады. Жыл басынан бері еліміздің түрлі өңірлеріндегі спорт мекемелерінен 5 863 жаттықтырушы біліктілікті арттыру курсынан өткен.
Заңда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесіне көшіру және жаттықтырушылардың еңбекақысын арттыру шаралары қамтылған.
2026–2028 жылдарға арналған қаржыландырудың жалпы көлемі 74 млрд теңгеге тең. Соның ішінде 1,8 млрд теңге жаттықтырушы-оқытушылардың үстемеақысына бағытталады.
Қалған қаражат мына қажеттіліктерге жұмсалады:
- спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту;
- балалардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуын қамтамасыз ету;
- фармакологиялық қамтамасыз ету;
- спорттық киім мен қажетті жабдықтарды сатып алу.
Министрлік бұл өзгерістер жаттықтырушы мамандығының беделін көтеруге, балалар спортына білікті кадрларды тартуға және тәжірибелі мамандарды салада сақтап қалуға бағытталғанын атап өтті.