Роналду алаңға шықпаса да, "Әл-Наср" өзбекстандық команданы ойсырата жеңді
Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубы Криштиану Роналдусыз-ақ АФК Чемпиондар лигасында ірі жеңіске жетті.
"Әл-Наср" Ташкентте алты гол соқты
Ташкентте жергілікті "Пахтакор" Сауд Арабиясының "Әл-Наср" командасын қабылдады. Алаң иелері атақты қарсыласына төтеп бере алмай, 2:6 есебімен ірі жеңіліске ұшырады.
Қонақтар сапында Анжело, Абдулла әл-Хамдан, Абдулла әл-Амри және Абдулрахман Ғариб бір-бір голдан соқты. Ал португалиялық Жоау Феликс дубль авторы атанды.
"Пахтакор" құрамында Фламарион мен Достонбек Хамдамов мергендігімен көзге түсті.
Криштиану Роналду неге ойнамады?
Кездесудің басты ерекшелігі – "Әл-Насрдың" негізгі жұлдызы Криштиану Роналдудың матчқа қатыспауы. Португалиялық шабуылшы Ташкентке барған футболшылар тізіміне енбеген. Ол командамен бірге Өзбекстан астанасына сапар шеккен жоқ.
Соған қарамастан Сауд Арабиясының клубы шабуылда жоғары нәтижелілік көрсетіп, қарсылас қақпасына алты доп енгізді. Роналдудың матчқа қатыспау себебі әзірге нақтыланбады.
Төрт турдың қорытындысы бойынша "Пахтакор" небәрі екі ұпай жинап, турнир кестесінде 12-орнында тұр. Ал "Әл-Наср" алты ұпаймен төртінші сатыға жайғасты.
Келесі турда өзбекстандық клуб Сауд Арабиясында "Әл-Иттихадпен" кездеседі. Ал "Әл-Наср" Катардың "Әл-Садд" командасын қабылдайды.