Үш пенальти мен қызыл қағаз: ҚФФ даулы шешімдерге түсініктеме берді
Қазақстан футбол федерациясының төрешілік және қадағалау департаменті Премьер лиганың 30-тур аясындағы матчтардағы жекелеген эпизодтарды талдады.
Төрешілік және қадағалау департаментінің директоры Нуну Каштру "Ұлытау" – "Атырау" және "Жетісу" – "Астана" кездесулеріндегі төрешілер шешімдеріне қатысты ресми түсініктеме жариялады.
"Ұлытау" – "Атырау"
Алғашқы эпизод кездесудің 3-минутында тіркелді. 13 нөмірлі қорғаушы айып алаңында 17 нөмірлі шабуылшыны аяқтан шалады. VAR қайталауын қарау барысында қорғаушының допқа ойнауға әрекет жасамағаны және қарсыласының қозғалысына кедергі келтіргені анықталды. ҚФФ мамандары бұл әрекетті ереже бұзушылық ретінде танып, пенальти тағайындау шешімін дұрыс деп бағалады.
Екінші жағдай 35-минутта болды. 12 нөмірлі қорғаушы допқа таласуға мүмкіндігі болмаса да, 20 нөмірлі шабуылшыны аяқтан шалған. Федерация бұл эпизодта пенальти орынды шешім болғанын растады.
Үшінші даулы сәт бірінші таймның қосымша уақытында орын алды. 12 нөмірлі қорғаушы айып алаңында 90 нөмірлі шабуылшының аяғына соққы жасап, құлатқан. VAR-ға жүгінгеннен кейін бас төреші пенальти тағайындау туралы бастапқы шешімін өзгертпеген. ҚФФ бұл шешімді негізді деп таныды.
"Жетісу" – "Астана"
Кездесудің 69-минутында 4 нөмірлі ойыншы жоғары жылдамдықпен қарсыласына қарай аяғын созып, табанын алға қаратып секіреді. ҚФФ мұндай әрекеттің жоғары қарқынмен жасалғанын және қарсыластың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіргенін атап өтті.
Федерация мамандары бұл эпизодты ойын ережесін өрескел бұзу деп бағалады. Мұндай жағдайда футболшы алаңнан тікелей қызыл карточка арқылы қуылуы тиіс.