Андрей Карпович өзіне жаңа клуб таңдады
Бапкер ҚПЛ-2026 маусымы аяқталуына бір тур қалғанда семейлік клубтан кеткен.
"Елімайдың" бұрынғы бас бапкері Андрей Карпович пен клубтың экс-атқарушы директоры Федор Симиниди мансабын "Ақтөбеде" жалғастыруға мүдделі.
ASnews.kz мәліметінше, қос маман да ҚПЛ-2026 маусымы аяқталуына бір тур қалғанда семейлік клубтан кеткен.
Карпович бұрын да "Ақтөбені" тізгіндеген
45 жастағы Андрей Карпович "Ақтөбенің" бас бапкері қызметін бұған дейін де атқарды. Ол қызыл-ақтарды 2022 жылдың мамырынан 2023 жылдың қарашасына дейін жаттықтырды.
Карповичтің жетекшілігімен "Ақтөбе" 53 матч өткізіп, бір ойынға шаққанда орта есеппен 1,85 ұпайдан жинаған.
Дереккөз мәліметінше, Карпович пен Симиниди "Ақтөбеде" жұмыс істеуге қызығушылық танытқанымен, қазіргі таңда олардың клубқа келу ықтималдығы жоғары бағаланбайды.
Әзірге "Ақтөбе" тарапынан ресми шешім жарияланған жоқ.
Черевченко қызметінен кетуі мүмкін
"Ақтөбені" қазіргі таңда Игорь Черевченко басқарып отыр. Алайда маман қызметінен кетуі мүмкін. Оған тізе буынын алмастыру операциясы жасалуы тиіс.
Айта кетейік, ҚПЛ-2026 қорытындысы бойынша "Ақтөбе" 49 ұпай жинап, турнир кестесінде бесінші орынға тұрақтады. Ал "Елімай" 45 ұпаймен алтыншы болды.
Қазақстан чемпионы атағын тарихында екінші рет шымкенттік "Ордабасы" жеңіп алды. Команда маусымды 68 ұпаймен аяқтады.