Станислав Черчесов "Қайратты" тізгіндеуі мүмкін
Станислав Черчесов "Ахматты" 2025 жылдың маусымынан бері басқарып келеді.
Ресейлік маман Станислав Черчесов алматылық "Қайраттың" жаңа бас бапкері атануы мүмкін.
KazFootball.kz мәліметінше, 63 жастағы маман "Қайрат" басшылығымен жақсы қарым-қатынаста. Мұнымен қоса, бұған дейін бірқатар БАҚ Черчесовтың Грозныйдың "Ахмат" клубынан кетуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.
Станислав Черчесов "Ахматты" 2025 жылдың маусымынан бері басқарып келеді. Алайда соңғы ақпараттарға сәйкес, ресейлік маманның грозныйлық клубтағы қызметі аяқталуға жақын. Осыған байланысты оның келесі жұмыс орны ретінде "Қайрат" аталып отыр.
Әзірге алматылық клуб Черчесовтың тағайындалуы туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Еуропада бірнеше клубты басқарды
Черчесов бапкерлік мансабында Австрияның "Куфштайн" және "Ваккер-Тироль", Мәскеудің "Спартак" және "Динамо" клубтарын, Сочидің "Жемчужинасын", "Теректі", Пермьнің "Амкарын", Польшаның "Легиясын" және Венгрияның "Ференцварошын" басқарды.
"Легиямен" Польша чемпионаты мен кубогын жеңіп алса, "Ференцварошпен" екі рет Венгрия чемпионы атанып, ел кубогын иеленді.
Ресей құрамасымен әлем чемпионатының ширек финалына шықты
Черчесов Ресей ұлттық құрамасын да басқарды. Оның жетекшілігімен Ресей құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетті.
Станислав Черчесов 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері де болды. Осы кезеңде Қазақстан Ұлттар лигасында алты матч өткізіп, бір рет тең түсті және бес ойында жеңілді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта "Қайраттың" бас бапкері міндетін Жора Арутюнян атқарып жүр.