Баскетболшы NBA матчында шараптан ұрттады
NBA тарихындағы ең танымал баскетболшылардың бірі Леброн Джеймс "Филадельфия Севенти Сиксерс" пен "Чикаго Буллз" арасындағы кездесуде күтпеген әрекетімен көзге түсті.
Ойын кезінде не істеді?
Оқиға Ұлттық баскетбол қауымдастығының (NBA) тұрақты чемпионатындағы матчтың үшінші ширегінде болды. "Филадельфия" 75:64 есебімен алда келе жатқан сәтте алаң иелері жылдам шабуыл ұйымдастырды. Бірақ Леброн Джеймс өзіне бағытталған допқа жете алмай, екпінімен көрермендер отырған жаққа шығып кетті. Осы кезде баскетболшы қолында шарап құйылған стақаны бар жанкүйерге соқтығысты. Джеймс күтпеген жерден оның сусынын бір ұрттап, ештеңе болмағандай алаңға қайта оралды.
Бұл көрініс тікелей эфирге түсіп, көп ұзамай әлеуметтік желілерде кеңінен таралды.
Джеймс әрекетінің себебін түсіндірді
Кездесуден кейін журналистер 41 жастағы баскетболшыдан ерекше жағдайға қатысты пікір сұрады.
"Мен оған соқтығысып, шарабының біразын төгіп алдым. Сондықтан оның қаншалықты дәмді екенін және соған тұрарлық па екенін білгім келді. Жаман шарап емес екен", – деді Джеймс әзілдеп.
Осылайша NBA жұлдызы жанкүйердің стақанында шынымен алкогольдік сусын болғанын растады.
Ал матч 126:107 есебімен "Филадельфияның" сенімді жеңісімен аяқталды. Джеймс 15 ұпай жинап, 9 нәтижелі пас берді және 7 рет допты қағып алды.
Леброн Джеймс кім?
Леброн Джеймс – әлемдік баскетбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі.
Ол NBA чемпиондығын төрт рет жеңіп алған:
2012 және 2013 жылдары – "Майами Хит";
2016 жылы – "Кливленд Кавальерс";
2020 жылы – "Лос-Анджелес Лейкерс".
Сонымен қатар Джеймс NBA тарихында 40 мың ұпай межесінен асқан алғашқы ойыншы атанды. Ол 2025 жылы ол лигадағы қатарынан 23-маусымын бастап, рекорд орнатты. Ал 2026 жылдың жазында "Филадельфия" сапына қосылып, NBA-дағы 24-маусымына кірісті.
Қазақстандық теннисші де жанкүйерді таңғалдырған
Айта кетейік, спорттық кездесу кезінде көрермендердің тағамы немесе сусынынан дәм татқан Леброн Джеймс алғашқы жұлдыз емес. 2024 жылы Александр Бублик те осындай қызықты жағдайға тап болған.
Аделаидадағы турнирдің ширек финалында допты қуып бара жатқан Бублик көрермендер мінберіне жақындап, жанкүйердің қолындағы чипсыны байқайды. Теннисші көп ойланбастан одан дәм татып, көрермендерді күлкіге қарық қылған.
Бір қызығы, бұл әрекет қазақстандық теннисшінің жеңіске жетуіне кедергі келтірмеген.