Қуат Хамитов Тони Фергюсонды жекпе-жекке шақырды

Футбол шолушысы
22.07.2026, 23:11

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері UFC ұйымының бұрынғы уақытша чемпионы Тони Фергюсонмен еркін күрес ережесі бойынша белдесуге дайын екенін мәлімдеді.

Коллаж sports.kz

Хамитов Фергюсонмен Мәскеуде кездескісі келеді

Қуат Хамитов әлеуметтік желідегі парақшасында Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлевке және Real American Freestyle күрес лигасының өкілдеріне үндеу жасады.

Қазақстандық файтер Тони Фергюсонмен ықтимал белдесуді Мәскеуде ұйымдастырылатын алдағы турнирдің бағдарламасына қосуды ұсынды.

"Менің ойымша, бұл кездесу үлкен шу тудырып, Мәскеудегі алдағы турнирге ерекше қызығушылық қосады. Осы жекпе-жекті ұйымдастырайық", — деп жазды Хамитов.

Ол жарияланымында Умар Кремлевтің, Real American Freestyle лигасының және Izzy Style Wrestling командасының ресми парақшаларын белгіледі.

Тони Фергюсон RAF лигасында жеңіліспен дебют жасады

Тони Фергюсон Real American Freestyle ұйымындағы алғашқы белдесуін 2026 жылғы 13 маусымда Сент-Луистегі RAF 10 турнирінде өткізді.

Америкалық файтердің қарсыласы UFC жеңіл салмағының үздік өкілдерінің бірі Арман Царукян болды. Белдесу 10:0 есебімен Царукянның жеңісімен аяқталды.

Хамитов та Царукяннан жеңілген

Қуат Хамитов RAF лигасындағы алғашқы белдесуін 2026 жылғы 11 шілдеде Тбилисиде өткізді. Қазақстандық файтер де Арман Царукянмен кездесті.

Царукян бұл жолы 11:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ұйымның ресми статистикасы бойынша, армениялық төрт нәтижелі әдіс орындаған. Ал Хамитов белдесу барысында ұпай жинай алмады.

Реклама
Реклама