Жарнама
Жарнама

"Өзбектер айлакер қадамға барды": Жұмабек Өмірзақов қарсыластың жоспарын әшкереледі

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақов бокстан Өзбекстан құрамасының Азия ойындарына таңдаған құрамына қатысты пікір білдірді.

"Өзбектер айлакер қадамға барды": Жұмабек Өмірзақов қарсыластың жоспарын әшкереледі
uza.uz

Өзбекстанның Азия ойындарына қатысатын құрамы

Жапонияда өтетін құрлықтық додада Өзбекстан атынан мына боксшылар сынға түседі:

  • 55 келі — Самандар Олимов;
  • 60 келі — Абдумалик Халоков;
  • 70 келі — Шавкатжон Болтаев;
  • 80 келі — Фазлиддин Эркинбоев;
  • 90 келі — Турабек Хабибуллаев;
  • 90 келіден жоғары — Жахонгир Зокиров.

Команда құрамына Олимпиада чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаев пен 2025 жылғы әлем чемпионы Жавохир Умматалиев енген жоқ. Қазір екі боксшы да кәсіпқой рингтегі жекпе-жектеріне дайындалып жүр.

Айлакер шешім

Жұмабек Өмірзақов Өзбекстан құрамасының барлық жұлдызын Жапонияға апармауы оны таңғалдырмағанын атап өтті.

"Өзбекстандық бапкерлер құрамды өте сауатты бөлген. Умматалиев, Муйдинхуджаев және Дусматов секілді боксшылар кәсіпқой рингке басымдық беріп отыр. Ал 2024 жылғы әлем чемпионы Самандар Олимов сияқты кейбір жастарды Азия ойындарында сынап көрмек. Өзбектер айлакер қадамға барды: олар Олимпиадада бабын шегіне жеткізіп, барынша жоғары нәтиже көрсету үшін Азия ойындарын белгілі бір деңгейде "құрбан етіп" отыр", — деді маман.

Айлакер шешім
Жұмабек Өмірзақов. ФОТО: time.kz

Қазақстанға жауапкершілік жүгі түседі

Сарапшының пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары Азия ойындарына әртүрлі психологиялық жағдайда келеді.

2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында өзбек боксшылары үш алтын медаль жеңіп алған. Сондықтан бас бапкер Тулкин Киличевке федерация тарапынан үлкен сенім артылған.

"Тулкин Киличевтың сенім несиесі жоғары. Сол себепті команда алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда сәл төмен нәтиже көрсетсе де, оған мүмкіндік берілуі ықтимал. Оның үстіне қазіргі құраммен де олар жалпыкомандалық есепте топ жаруға қабілетті", — деді Өмірзақов.

Қазақстан құрамасының жағдайы өзгеше. Ұлттық команда Азия ойындарындағы бокстан жалпыкомандалық есепте 12 жылдан бері жеңіске жете алмай келеді.

"Біздің боксшылар Жапонияға үлкен жауапкершілікті сезініп барады. Ал Өзбекстан үшін бұл біздегідей "өмірлік маңызы бар турнир" емес. Олар Азия ойындарын Олимпиадаға дайындықтың маңызды кезеңі ретінде қабылдап отыр", — деп түсіндірді жаттықтырушы.

Өзбек бапкерлері қазақстандықтарды зерттей ме?

Жұмабек Өмірзақов Азия ойындарында Өзбекстан мамандары Қазақстан құрамасының көшбасшыларын мұқият бақылайтынын да айтты. Қазақстан 70 келіге дейінгі салмақты есептемегенде Жапонияға ең мықты боксшыларын аттандырмақ.

"Өзбекстандық бапкерлер бізді бұрыннан зерттеп, арнайы дайындалады. Соның арқасында жиі нәтижеге жетіп жүр. Мысалы Самандар Олимов Махмұд Сабырханнан жеңілген күннің өзінде өзбектерде онымен болашақта бәсекелесе алатын кемінде үш боксшы бар", — деді ол.

Халоков Асылқұлов үшін басты қауіп болмақ

Өзбекстан құрамасының ең танымал өкілдерінің бірі — Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков. Ол Жапониядағы жарыстың айқын фавориттерінің қатарына кіреді.

"Оразбек Асылқұловқа Олимпиада чемпионын жеңу өте қиынға соғады. Абдумалик Халоков Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанса, оған таңғалмаймын", — деп қорытындылады Жұмабек Өмірзақов.

Жарнама
Жарнама