Елена Рыбакина US Open турнирінде тарихи жеңіске жетті
Қазақстанның бірінші ракеткасы Нью-Йоркте US Open-2026 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Наоми Осаканы екі сетте жеңді
Қазақстандық теннисші турнирдің төртінші айналымында WTA рейтингіндегі 13-ракетка, жапониялық Наоми Осакамен кездесті. Рыбакина қарсыласын екі сетте 6:1, 6:4 есебімен аяқтады.
Осы жеңістің арқасында Елена алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының үздік сегіз теннисшісінің қатарына енді. Бұған дейін оның US Open турниріндегі ең жоғары көрсеткіші 1/8 финал болған.
Рыбакина Нью-Йорктегі жарыста әзірге бірде-бір сетте жеңілген жоқ:
- Тея Фродин (АҚШ, WTA рейтингінде 585-орын) — 6:3, 6:2;
- Джессика Бусас Манейро (Испания, 105-орын) — 6:2, 6:4;
- Юлия Стародубцева (Украина, 58-орын) — 7:6, 6:3;
- Наоми Осака (Жапония, 13-орын) — 6:1, 6:4.
Ширек финалда кіммен кездеседі?
Рыбакина жартылай финал жолдамасы үшін WTA рейтингінде 121-орында тұрған Чжэн Циньвэньмен сынға түседі.
Өз кезегінде қытайлық теннисші 1/8 финалда әлемдік рейтингтің сегізінші сатысындағы польшалық Ига Швентекті сенімді түрде ұтты. Есеп — 7:5, 6:3.
Қанша табыс тапты?
Елена Рыбакина ширек финалға шығу арқылы кемінде 780 мың доллар көлемінде жүлдеақы алады. Сонымен қатар еншісіне 430 рейтингтік ұпай жазылады.
US Open-2026 әйелдер арасындағы жекелей сынның жеңімпазы 5,5 миллион доллар алып, WTA рейтингінде 2000 ұпайға ие болады.