Жарнама
Жарнама

Жапон файтері айқас алдында Қаршыға Дәуітбекке ескерту жасады

10 қыркүйекте Осакадағы Super RIZIN 5 турнирінде тәжірибелі Қаршыға Дәуітбек пен Жапониядағы ең танымал ММА файтерлерінің бірі Рен Хирамото өзара мықтыны анықтайды.

Жапон файтері айқас алдында Қаршыға Дәуітбекке ескерту жасады
betobzor.com

Жапониялық ММА файтері Рен Хирамото қазақстандық нокаутшы Қаршыға Дәуітбекпен өтетін жекпе-жек алдында өз жоспарын айтып, октагонда нағыз айқас ұйымдастырғысы келетінін мәлімдеді.

Қос файтер 10 қыркүйекте Жапонияның Осака қаласында өтетін Super RIZIN 5 турнирінде кездеседі. Хирамото отандастарының алдында жеңіске жететініне сенімді.

"Бұл нағыз шайқас болғанын қалаймын"

Жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында Рен Хирамото Дәуітбекпен кездесудің оңай болмайтынын мойындады. Соған қарамастан, жапониялық спортшы ауыр айқасқа дайын екенін жеткізді.

"Қатаң әрі ауыр жекпе-жек күтемін. Екеуміз нағыз соғыс, нағыз шайқас ұйымдастырғанымызды қалаймын. Сол шайқаста басым түсетініме сенемін. Мен айқасқа дайынмын және міндетті түрде жеңемін", – деді Хирамото.

Жапониялық файтердің кәсіпқой ММА-дағы көрсеткіші – 4 жеңіс және 3 жеңіліс.

Қаршыға Дәуітбек – қауіпті нокаутшылардың бірі

Қазақстандық Қаршыға Дәуітбек бұл кездесуге 19-3 рекордымен келеді. Оның 19 жеңісінің 15-і нокаут немесе техникалық нокаутпен аяқталған.

Соңғы жекпе-жегінде Дәуітбек 18 шілдеде Хиросимада өткен RIZIN Landmark Vol. 15 турнирінде жапониялық Кехэй Хагивараны бірінші раундта нокаутқа жіберді.

Рен Хирамотомен кездесу Қаршыға Дәуітбектің RIZIN ұйымындағы сегізінші жекпе-жегі болмақ.

Қазақстандық файтер осы уақытқа дейін промоушенде бес рет жеңіске жетіп, бір рет жеңілген, тағы бір кездесуі өтпеді деп танылды.

Жарнама
Жарнама