Қазақстандық Ерсін Балтағұл Жапониядағы Император кубогы турнирінде көш бастады.
Токиодағы “Кокугикан” сумо сарайында қаңтар басёсы мәресіне жақындап қалды. Бұл – Күншығыс еліндегі ең беделді ұлттық күрес турнирлерінің бірі. Қаңтар айында күтпеген жерден Қазақстаннан шыққан балуан Кимбодзан Хируки (бойы – 190 см, салмағы – 180 кг) сенсация жасады.
Тоғыз айналымның қорытындысы бойынша Ерсін Балтағұл турнирлік кестеде көш бастап тұр. Ол жеңілістің ащы дәмін татпаған жалғыз рикиши. Одан кейінгі орындарда моңғолиялық Тиёсёма (8-1), сонымен қатар жапондықтар Охо мен Такэруфудзи (7-2) орналасқан. Император турнирі 26 қаңтарда аяқталады, ал элиталық дивизион балуандарына тағы бес кездесуден өтуі керек.
Кимбодзан Хируки – жапон сумосының элитасына кірген алғашқы қазақстандық рикиши. Ол Алматы облысында дүниеге келіп, бастапқыда дзюдомен айналысқан. Ерсінді сумоға танымал моңғолиялық балуан Асасерю Акинори (Таңғы Көк Айдаһар) бағыттаған. Оның “Кимбодзан” деген есімі Күмамото префектурасындағы таудың құрметіне берілген. Бұл – оның ұстазы Кисэнің туған жері.
Сумода шетелдік балуандар санына қатаң шектеу қойылған. Ерсін кәсіби деңгейде өнер көрсету мүмкіндігін грузин рикишісі Теймураз Джугелидің (Гагамару Масару) спорттан кеткеннен кейін бос қалған орнын иелену арқылы алды.
Бір қызығы, Балтағұлы былтыр қыркүйекте басёда сәтсіз өнер көрсетіп, элиталық дивизионнан шығып қалған еді. Бірақ 2024 жылдың соңында 26 жастағы қазақстандық рикиши жоғары лигаға қайта оралып, күтпеген жерден турнир көшбасшысына айналды.