Жуырда оған The Ultimate Fighter (TUF) шоуына қатысу туралы ұсыныс түскен.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Диас Еренғаипов (16-3) жуырда The Ultimate Fighter (TUF) шоуына шақырту алған. Бірақ ұсыныстан бас тартуға мәжбүр болыпты. Бұл туралы Meta-ratings.kz хабарлады.
"Маған TUF-тан ұсыныс түсті ме? Иә. Мен Brave CF-мен келісімшартқа қол қойғаннан бір апта өткенде Саят (Абдрахманов) хабарласып: «Саған шақырту келді, бірақ мен одан бас тартамын. Өйткені сенің келісімшартың эксклюзивті. Оны бұзу оңай болмас еді. Бірақ мен еш өкінбеймін, бәрі жақсы», – деді файтер «NAIZADAI PODCAST» эфирінде.
Егер таңдау болса…
Егер TUF пен Brave арасында таңдау мүмкіндігі болғанда, Диас UFC жобасын таңдайтынын жеткізді.
"Егер алдымда екі келісімшарт тұрса, еш ойланбастан UFC-ді таңдар едім. Бірақ TUF – жай ғана бір жекпе-жек өткізіп, бірден UFC-ге өтетін Dana White’s Contender Series емес. Онда өзіңді дәлелдеп, жеңіске жету керек", – деп атап өтті ол.
29 жастағы Еренғаипов осыған дейін Naiza лигасының чемпиондық белбеуінен бас тартқан еді. Ал алдағы TUF маусымында Қазақстанның атынан Алиби Идрис (10-0) өнер көрсетеді.