25-30 наурыз күндері Иорданияның Амман қаласында күрес түрлерінен Азия біріншілігі өтеді. Құрлық додасына еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан да қатысады.
Ризабек бақ сынайтын 97 келі салмақ дәрежесіне мықты балуандар жиналған. Бұл туралы Sportbugin.kz жазады.
Атап айтар болсақ, Париж Олимпиадасының жеңімпазы Ахмед Тажудинов сары құрлық чемпионатында белдеседі. Бұл Ахмедтің Олимпиададан кейінгі алғашқы ресми жарысы болмақ.
Ахмед Тажудинов әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы әрі екі дүркін Азия чемпионы саналады.
Одан бөлек, 97 келідегі тағы бір жас балуанның жұлдызы жанып келеді. Ол — жапониялық Араш Йошида. Араш 2023 жылғы Азия чемпионы. Жақында Албанияда өткен рейтингілік турнирде ол әйгілі Кайл Снайдердің өзін жеңіп, топ жарған болатын.
Мамандар Йошиданы осы салмақтағы үздіктердің біріне айналады деп болжауда. Араштың әкесі — ирандық, анасы — жапон.
97 келіге ауысқан Ризабек Айтмұхан да осы салмақта бас жүлдеге үміткерлердің бірі. Алыптар айқасын санаулы күндерден соң тамашалаймыз.