Қазақстанда көлік әйнектерін қараңғылауға рұқсат беріле ме? ІІМ түсініктеме берді

Редактор Penalty.kz
30.05.2025, 19:00

Ішкі істер министрлігі бұл тақырыпты ашық талқылауға дайын. Бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл туралы ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

фото ашық дереккөздерден алынды

Алдыңғы бүйірлік әйнектерді қараңғылау – ақылы түрде заңдастырыла ма?

Журналистер алдыңғы бүйірлік терезелерге ақылы негізде тонировка жасау мүмкіндігі жайлы сұраған.

"Бұл мәселе жол қауіпсіздігі мен ережелерді сақтау тұрғысынан қаралуы керек. Депутаттар бастаманы көтерді. Бірақ әлі де жан-жақты талқылау қажет. Бұл ұсынысты жеке қарастырған дұрыс – тиісті сұраныс жасаңыздар", – деді Милюк.

Бюджетке 50 млрд теңгеге дейін табыс әкелуі мүмкін

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Мәжіліс депутаты Олжас Құсбеков Қазақстанда көлік жүргізушілеріне ақылы тонировка жасауға рұқсат беруді ұсынған. Оның айтуынша, бұл бастама мемлекет бюджетіне жыл сайын 50 миллиард теңгеден астам кіріс әкелуі мүмкін.

ІІМ бұл тақырыпты бұған дейін де көтерген

Бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Былтыр шілде айында ІІМ бірінші вице-министрі Марат Қожаев те алдыңғы әйнектерге тонировка жасауға қойылған тыйымды алып тастау мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.

"Тонировка мәселесі бұрыннан талқыланып келеді. Қазір ІІМ бұл тыйымның тарихын, құқықтық негізін зерттеп жатыр. Бұл ережелер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерімен де байланысты. Тыйым негізінен жол ережесін бұзған жағдайда жүргізуші мен жолаушыны тану қиын болуына байланысты енгізілген", – деген еді Қожаев.