Қытайлық екі автокөлік бренді Қазақстаннан кетті: Нарықта жеңілдікпен сатылым басталды

Редактор Penalty.kz
05.06.2025, 00:33

Қытай автонарығында өзгеріс: екі бренд Қазақстаннан кетіп жатыр. 

ulysmedia.kz

Қазақстан нарығында айтарлықтай өзгерістер болуда. Қытайдан келген екі танымал автокөлік бренді елден кетті. Бұл ақпаратты Автонарықты талдау және мониторинг агенттігінің бас директоры Артур Мискарян растады. Алайда нақты қай брендтер екені әзірге жария етілген жоқ.

"Брендтердің бірі нарықтан кетіп жатыр. Бүгіннің өзінде дилерлер қоймада қалған көліктерді жаппай сатуға кірісті. Тағы бір бренд те Қазақстаннан кетуге дайындалып жатыр. Бірақ олардың атауларын әзірге атамай-ақ қояйын. Бұл туралы алдымен дистрибьюторлар хабарлағаны дұрыс болар", – деп жазды Мискарян.

Қытай автокөліктерінің бағасы мен нарықтағы жағдай

2025 жылдың сәуір айындағы мәліметке сәйкес, Қазақстан нарығында Қытайдың 20 брендіне тиесілі 85 түрлі автокөлік моделі ұсынылған. Ең арзан модель – 6,7 млн теңге болса, ең қымбаты – 68 млн теңге. Ал орташа минималды баға шамамен 13,1 млн теңге деңгейінде болған.

Жаңа брендтер келе ме?

Автонарықтан екі брендтің кетуімен қатар, Артур Мискарян алдағы уақытта Қытайдың өзге де автомобиль өндірушілері Қазақстан нарығына ресми түрде шығатынын мәлімдеді.