Қазақстанда такси қызметіндегі бақылау күшейтіледі

Редактор Penalty.kz
17.02.2025, 22:21

Такси жүргізушілері цифрлық тексерістен өтеді, ал сапар деректері ресми тіркелмек.

Informburo.kz

Қазақстанда такси қызметін заңдастыру және жолаушылар қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл бастаманы «Аманат» партиясының депутаттары көтеріп, вице-премьер Роман Склярға сауал жолдады. Бұл туралы kolesa.kz хабарлады.

Депутаттардың айтуынша, елде таксидің коммерциялық қызмет екенін анықтайтын билет жүйесі жоқ, ал бұл сақтандыру төлемдерін рәсімдеуде қиындық тудырады.

Жол апаттары және такси қызметіне қатысты мәселе

Былтыр ел бойынша 2579 адам жол апатынан көз жұмған, оның ішінде үштен бірі – балалар. Жолаушылар көлігінің қатысуымен болған апаттарға қатысты жеке статистика жүргізілмейді. 

"Көптеген тасымалдаушы агрегатор платформасына шоғырланған. Жыл сайын бір ірі агрегатор шамамен 25 млн сапар тіркейді. Платформалар жүргізуші мен жолаушыға арналған „хабарландыру тақтасы“ рөлін ғана атқарып отыр. Тараптарға қоятын талап өте аз немесе мүлде жоқ", — деді депутаттар.

Мәжіліс депутаттарының ұсыныстары:

  1. Жүргізушіні цифрлық тексерістен өткізу. Тапсырыс алған немесе төлем жасайтын кезде жүргізушінің лицензиясы мен көлік құжаттарының талаптарға сәйкестігін тексеру үшін агрегаторлардың ақпараттық жүйесін мемлекеттік жүйелермен біріктіру.

  2. Жол апаттарын тіркеу жүйесін жетілдіру. Жол-көлік оқиғалары орын алған жағдайда көліктің жеке немесе коммерциялық екендігі туралы деректерді көрсету, сондай-ақ тасымалдаушы мен агрегатор платформасы туралы ақпарат енгізу.

  3. Төлем құжаттарында толық ақпарат беру. Жол жүру ақысын төлеген кезде құжатта тасымалдаушы, жолаушы, сапар уақыты және бағыты туралы нақты мәліметтерді көрсету.

Жаңа заң қандай өзгерістер әкеледі?

Вице-премьер Роман Скляр депутаттардың бұл бастамасын қолдап, қазіргі уақытта агрегаторлармен бірлесе отырып, өзін-өзі реттейтін ұйымдар туралы заң жобасы дайындалып жатқанын мәлімдеді. Жаңа заң аясында жүргізуші, сақтандыру және басқа да деректерді көрсететін бірыңғай ақпараттық жүйе құрылмақ.

Сонымен қатар, жүргізушілер сапар алдында міндетті түрде цифрлық тексерістен өтеді. Бұл жүйе Ішкі істер министрлігінің деректер базасымен және «Техбайқау» ақпараттық жүйесімен біріктірілетін болады.

Қоғамдық бақылау енгізіледі. Өзін-өзі реттеу ұйымдары арқылы такси нарығына қоғамдық бақылау жүйесі енгізіледі. Жаңа жүйе жүргізушілердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беріп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттік органдарға жедел хабар беру міндеттеледі.

Бұл бастама такси қызметінің қауіпсіздігі мен ашықтығын арттырып, жолаушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.