Қазақстанда пәтер жалдау бағасы 2025 жылдың соңына дейін тағы 5–10%-ға өседі. Бұған нарықтағы сатып алу-сату белсенділігінің төмендеуі және ипотекалық бағдарламалардың қайта жандана бастауы себеп болуы мүмкін.
Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтың айтуынша, қазір тұрғын үй сату-сатып алу нарығында белсенділік бәсеңдеген. Алайда ол жаңа ипотекалық бағдарламалардың іске қосылуымен бұл жағдай өзгеруі мүмкін екенін айтады.
“Сату-сатып алу белсенділігі азайған кезде жалдамалы тұрғын үйге деген сұраныс артады. Бұл өз кезегінде аренда бағасының көтерілуіне әкелуі заңды құбылыс. Баға локация мен төлем шарттарына байланысты өзгереді”, — дейді сарапшы.
Сарапшылар жыл соңына дейін аренда құны 5–10%-ға көтерілуі мүмкін деп болжайды. Бұл әсіресе Алматы, Астана және ірі өңірлік орталықтарда қатты байқалады. Сонымен қатар Отбасы банкі мен жекеменшік қаржы ұйымдарының жаңа ипотекалық несиелеу бағдарламалары жылжымайтын мүлік нарығын жандандыруы мүмкін.
Ермек Мүсірепов жаңа Салық кодексінің жобасы да нарыққа әсер етуі мүмкін екенін айтады. Әсіресе тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасын қалыптастыруда бұл фактор үлкен рөл ойнайды.
Сонымен бірге Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда ипотекаға 25% салық салынуы мүмкін екенін мәлімдеген. Бұл бастама тұрғын үйдің өзіндік құны мен қолжетімділігіне тікелей әсер ететіні анық.