Kaspi.kz платформасында алаяқтардың жаңа айласы ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл мәселені жаппай талқылап жатыр. Алаяқтар тауар ақысын алып, кейін ізін суытады — ал тұтынушылар болса, ақшасынан айрылып отыр.
Threads платформасында қолданушылардың бірі өзінің басынан өткен оқиғаны баяндап, көпшіліктің назарын аударды.
“20 сәуір күні Kaspi.kz арқылы бөліп төлеуге ыдыс сатып алмақ болдым. “Dom IK” дүкенін таңдадым, себебі ол ұсыныстар тізімінде жоғарғы орында тұрды. Келесі күні WhatsApp арқылы біреу хабарласып, өзін дүкен қызметкері ретінде таныстырып, жеткізуді тездетуді ұсынды. Ол үшін төлемді тікелей жасауды сұрады. Төледім. Бір күннен кейін дүкен Kaspi.kz-тен жоғалып кетті, ал нөмір бұғатталған”, – деп жазды жәбірленуші.
Ол бірден Kaspi.kz қолдау қызметіне шағымданған. Арыз қабылданғанымен, әзірге нақты нәтиже жоқ.
Пікірлер астында көптеген қолданушылар осындай жағдайға ұшырағанын растады:
“Мен де A4 қағазына тапсырыс беріп, дәл сондай әдіске түсіп қалдым. Ақша аударылды, ал дүкен ғайып болды. Обязательно рейтинг пен пікірлерді тексеріңіздер!”
Kaspi.kz өкілдері бұл мәселе бойынша ресми түсініктеме беріп, ішкі тексеріс басталғанын хабарлады:
“Сіздің шағымыңыз тіркелді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Нәтижесін жақын күндері хабарлаймыз”, – делінген компания мәлімдемесінде.