Түркістан қалалық соты блогер Мұрат Әбділдаға қатысты бұрынғы шартты түрде босату шешімін күшін жойды. Енді ол жазасының қалған екі жылын нақты түрде түрмеде өтейді.
Мұрат Әбділда, шын аты-жөні — Мұрат Әбдиллаев қазақтілді интернет кеңістігінде эпатажды, кейде шектен шығатын видеоларымен танымал болған. Оның жарияланымдары арасында әлеуметтік желілерде кеңінен таралған мемдер де бар.
Алайда танымалдылықпен қатар, оның айтқан сөздері мен әрекеттері бірнеше рет құқықтық жауапкершілікке әкелген.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 23.08.2024 жылғы қаулысына сәйкес азамат М. Абдиллаевқа сағат 22:00-ден таңғы сағат 06:00 аралығында үйінде болуға міндеттелген. Дегенмен азамат М. Абдиллаев сот жүктеген міндеттерді өз дәрежесінде орындамаған.
Атап айтқанда, учаскелік полиция қызметкері 17.03.2025ж. түнгі уақытта Мұрат Әбділданың тұрғылықты мекен-жайын тексеруге барған уақытта үйінде болмаған. Сот процесі барысында полиция бөлімінің жүйелі бұзушылықтар туралы дәлелдері расталды.
Мұрат Әбділда осыған дейін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Үшінші рет ол әлеуметтік, ұлттық және діни араздықты қоздыру бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған болатын.
Сонымен қатар, сот шешімімен ол алкоголизмге қарсы мәжбүрлі ем қабылдауға жіберілген.
2024 жылдың қыркүйегінде сот оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатқан еді. Бірақ жаңа шешімге сәйкес, бұл үкімнің күші жойылып, блогер жазасын толық өтеу үшін түрмеге қайтарылды. Енді ол қалған 2 жылын қамауда өткізеді.