Самородовтың трансфері Қазақстан футболының рекордын жаңартпақ

Жарнама
Жарнама

Ресейлік БАҚ мәліметінше, "Спартак" пен Грозныйдың "Ахматы" қазақстандық футболшының трансфері бойынша негізгі шарттарды келісіп қойған.

Самородовтың трансфері Қазақстан футболының рекордын жаңартпақ
rusfootball.info

"Спартак" пен "Ахмат" келісімге келді

"Чемпионат" порталының ақпараты бойынша мәскеулік клуб пен "Ахмат" Максим Самородовтың трансферіне қатысты келіссөздердің негізгі бөлігін аяқтаған. Қазақстан құрамасының 24 жастағы футболшысы Ресейдегі жазғы трансферлік терезе жабылғанға дейін "Спартакпен" ұзақмерзімді келісімшартқа қол қоюы тиіс.

Дереккөз трансфер құны 650 миллион рубль болатынын хабарлады. Бұл сома 7,7 миллион доллардан асады. Осылайша мәміле ресми түрде аяқталған жағдайда Максим Самородов Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфердің авторы атануы мүмкін.

Дастан Сәтпаевтың рекордын жаңартады

Бұған дейін қазақстандық футболшылар арасындағы ең қымбат трансфер Дастан Сәтпаевқа тиесілі болған. "Қайрат" өз түлегін "Челсиге" ауысуын бонустарды қоса есептегенде шамамен 4,3 миллион еуро немесе 4,7 миллион доллар деп бағаланған. Ал Самородов үшін айтылып отырған 650 миллион рубль бұл көрсеткіштен едәуір жоғары.

Егер "Спартак" пен "Ахмат" мәмілені ресми түрде бекітсе, қазақстандық футболшының трансферлік рекорды жаңарады.

Transfermarkt порталының мәліметі бойынша Максим Самородовтың қазіргі нарықтық құны 3 миллион еуроға тең. Қазақстандық вингер осы маусымда "Ахмат" сапында барлық турнирді есептегенде сегіз матч өткізіп, бір гол соқты. Оның грозныйлықтармен қолданыстағы келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін есептелген.

"Ахматқа" қашан ауысты?

Максим Самородов – Ақтөбе футбол мектебінің түлегі. Ол кәсіби мансабының алғашқы кезеңінде "Ақтөбе" сапында өнер көрсетіп, кейін Қазақстан құрамасының негізгі ойыншыларының біріне айналды.

Футболшы 2024 жылдың жазында Ресей Премьер-лигасындағы "Ахматқа" ауысқан.

Жарнама
Жарнама