"Ордабасы" иесі Шымкенттегі жаңа стадион құрылысын қолға алды
Шымкенттегі Тұран-2 шағынауданында салынуы тиіс болған футбол стадионының мердігері ауысты.
Бұған дейін нысанның құрылысын "Ақтөбе" футбол клубының иесі Нұрлан Артықбаевқа тиесілі Qazaq Stroy компаниясы жүргізген. Алайда компания жұмысты белгіленген мерзімде аяқтай алмаған. Бұл туралы Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Inform.kz басылымына мәлімдеді.
Стадионның мердігері неге ауысты?
Әкімдік өкілінің айтуынша, Qazaq Stroy компаниясы тарапынан туындаған қиындықтарға байланысты құрылыс уақытылы аяқталмаған.
"Жұмыстарды 2026 жылы аяқтауымыз керек еді. Сондықтан қазіргі таңда стадион құрылысының мердігер ұйымы ауыстырылды", – деді Сәрсен Құранбек.
Жаңа мердігер ретінде кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Integra Construction KZ бекітілді. Компания бұған дейін "Ордабасы" футбол клубына қатысты жобаларымен де танылған.
2026 жылдың ақпанында компания Шымкент әкімдігімен клубты жекешелендіру туралы меморандумға қол қойған. Ал маусым айында электронды сауда арқылы "Ордабасының" акцияларының 100 пайызын сатып алды.
Жаңа стадион 60 мың көрерменге арналған
Мердігердің ауысуымен бірге Шымкенттегі жаңа стадион жобасына да өзгеріс енгізілді. Бұған дейін арена 35 мың көрерменге шақталған болса, енді оның сыйымдылығы 60 мың орынға дейін ұлғайтылмақ.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, мұндай шешім Шымкентте болашақта халықаралық деңгейдегі ірі футбол жарыстарын өткізу мүмкіндігін арттыру үшін қабылданған.
"Егер УЕФА және ФИФА деңгейіндегі ірі жарыстарды өткізгіміз келсе, стадион кемінде 50 мың көрерменге арналған болуы қажет. Сондықтан Шымкенттегі аренаның сыйымдылығын 60 мың орынға жеткізу туралы шешім қабылданды".
Аренаның сыйымдылығын 60 мың орынға дейін арттыруға байланысты қосымша шығындарды Integra Construction KZ өз мойнына алады. Әкім орынбасарының айтуынша, қажетті құжаттарды қабылдау және рәсімдеу аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары қайта жалғасады.